2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының санағының қорытындылары
2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары шығарылды.
2009 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 2009ж. ақпанның 24-нен 25-не қарағандағы түнгі 12 сағаттағы есептеу сәтіне 16004,8 мың адамды құрады.
Санақаралық кезең ішінде республика халқының саны 1022,9 мың адамға өсті, өткен 1999 жылғы (1999ж. ақпанның 24-нен 25-не қарағандағы түнгі 12 сағаттағы) санақпен салыстырғанда халық санының өсімі 6,8% құрады.
Қала халқының саны 8639,1 мың адамды, ауыл халқы – 7365,7 мың адамды құрады.. Сонымен бірге, қала халқының саны 195,1 мың адамға немесе 2,3%-ға, ал ауыл халқы 827,8 мың адамға немесе 12,7%-ға өсті. Елдегі қала халқының үлесі 54%, ауыл халқы - 46% құрады, 1999 жылы олардың ара-қатынасы тиісінше 56,4% және 43,6% құраған еді. Ең шаһарланған өңірлер Қарағанды (мұнда 77%-дан астамы қала халқын құрайды), Павлодар (67,9%) және Ақтөбе (61,1%) облыстары болып табылады.. Ауыл халқы негізінен Алматы (барлық халықтың 76%-ы), Солтүстік Қазақстан (61,5%), Қызылорда (60,8%) және Жамбыл (60,5%) облыстарында шоғырланған.
Ерлер саны 7722,8 мың адамды, әйелдер – 8282,0 мың адамды құрады. Өткен санақпен салыстырғанда ерлер саны 507,1 мың адамға немесе 7%-ға, ал әйелдер саны – 515,8 мың адамға немесе 6,6%-ға өсті. Ерлер мен әйелдер санының ара-қатынасы әйел халқы үлесінің ерлерден артуымен қалыптасты (тиісінше 51,7% және 48,3%). Егер 1999 жылғы халық санағы бойынша әрбір 1000 әйелге 929 ер адамнан келсе, 2009 жылғы санақ бойынша – 932.
Қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1%-ға өсті және 10098,6 мың адамды құрады. Өзбектер саны 23,3%-ға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар - 6%-ға өсіп, 223,1 мың адамды құрады. Орыстар саны 15,3%-ға азайып, 3797,0 мың адамды құрады, немістер - 49,6%-ға азайып, 178,2 мың адамды, украиндар – 39,1%-ға азайып, 333,2 мың адамды, татарлар – 18,4%-ға азайып, 203,3 мың адамды, басқа этностар - 5,8%-ға азайып, 714,2 мың адамды құрады.
Ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі 63,1%-ды, орыстар – 23,7%-ды, өзбектер – 2,8%-ды, украиндар – 2,1%-ды, ұйғырлар – 1,4%-ды, татарлар – 1,3%-ды, немістер – 1,1%-ды және басқа этностар – 4,5%-ды құрады.
2009 жылғы халық санағын есепке алғанда 2010 жылдың 1 қаңтарына жедел ақпараттар бойынша республика халқының саны 16196,8 мың адамды құрады. 2010 жылдың басына қазақтардың үлесі 63,6%-ды, орыстар - 23,3%-ды, өзбектер - 2,9%-ды, украиндар - 2,0%-ды, ұйғырлар -1,4%-ды, татарлар -1,2%-ды, немістер -1,1%-ды, басқа этностар - 4,5%-ды құрады.
2009 жылғы халқының санағының қорытындылары жөніндегі презентация